Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды

Соғыс кезіндегі балалар мұздай қаруланған әкелерін соғысқа аттандырып, өздері бір-бір үйдің тірегі, бас-көзі, қорғаушысы болған еді. Сондай қиын-қыстау кезеңді бастан өткізген жандар жақында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Педагогика факультетінде қонақта болды. Шараға қатысушылар алдымен Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ерлердің рухын үнсіздікпен еске алды.Педагогика факультетінің деканы Габдрахманова Шынар Тулегеновна сөз сөйлеп, Ұлы Отан соғысының елімізге әкелген қайғы-қасіретіне тоқталып, қайсар жауынгер ағаларының ерлігін бүгінгі ұрпақ, бүгінгі жастар үлгі тұтатынын, қазақ баласы азаматтық парызын адал атқаруды ұмытпағанын айтты. Одан әрі соғыс өртінің дауылдан кейінгі оттай дүлейленуін көрумен ерте есейген сол кездегі жас жеткіншектер, бүгінгі ардақты тұлғалар Темірболат Кубашев, Қамеш Исмагулов, Мерғали Құсайынов, Сағи Алдабергенов, Тілекқабыл Сағыновтар сөз кезегін алды. Кеш қонақтары тылда еңбек еткен жандар, аналар мен бесіктен белі шықпаған балалардың соғыс қасіретін арқалай жүріп, бірде аш, бірде тоқ тынбай жеңіс үшін жұмыла жұмыс істегендіктері, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған жерлестеріміздің жанқиярлық ерлігі, соғыстың зардаптары , өз бастарынын өткен оқиғалар жайында әсерлі әңгімелеп берді. Сондай-ақ, ардагерлер ел тыныштығы, еліміздің бейбіт болашағы жастардың қолында екенін айтып, ыстық лебіздерін білдірді. Өз кезегінде факультет студенттері де көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, соғыс кезіндегі қиындықтар мен оның мақсат-мүддесі жайлы мәліметтерге қанығып, белгілі соғыстың беймәлім беттерінен хабардар болды.
Кездесу кеші концерттік бағдарламаға ұласып, студенттер рухты өрлетер әндерді шырқап, мың бұрала би билеп, қазақтың қара домбырасымен күй шертті.
Азиза СУЙНШКАЛИЕВА ссылка на оригинальную статью


Печать